Big drama show, алыптар айқасы, «Мэдисон Сквер-Гардендегі» майдан немесе мамыр айының ТОП-5 жекпе-жегі

2 мамыр 2018 ж.
Big drama show, алыптар айқасы, «Мэдисон Сквер-Гардендегі» майдан немесе мамыр айының ТОП-5 жекпе-жегі

Назарларыңызға мамыр айының ең ірі жекпе-жектерін ұсынамыз.

Науоя ИНОУЭ (Жапония, 15-0, 13КО) – Джейми МакДоннелл (Ұлыбритания, 29-2-1, 13КО)

25 мамыр, Ота сити (Жапония)

Аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуі

Егер сізге аса жеңіл салмақтағы боксшылардың жекпе-жектері ұнайтын болса, онда міндетті түрде 25 мамыр күні «Күншығыс» елінде өтетін Науоя Иноуэ мен ағылшын Джейми Макдоннеллдің айқасын тамашалаңыз. Ұнауы тиіс. Екінші аса жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл кездесуде Джеймиге тиесілі WBA чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Жалпы, жапон боксшысының аса жеңіл салмақтағы өзге жігіттерден айырмашылығы – ол шаршы алаңда көп секеңдемейді. Соққысы жойқын. 15 қарсыласының 13-ін нокаутпен ұтуы, соның дәлелі болса керек. Бұл жолы қалай болар екен?

Давид ЛЕМЬЕ (Канада, 38-4, 33КО) – Карим АЧУР (Франция, 26-4-3, 4КО)

26 мамыр, Квебек (Канада)

Орта салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуі

Өткен жылдың желтоқсанында өз жерінде Билли Джо Сондерстен оңбай жеңілген Давид Лемьені «біткен боксшы» дейтіндер көп. Егер осы жолы франциялықтан жеңіліп қалса, бұл пікірге біз де қосыламыз. Расымен де былтырғы сәтсіздіктен кейін Лемьенің қалай жұдырықтасатыны қызық болып тұр. Бір жағынан қарсыласты да соған лайықтап таңдаған секілді. 31 жасар Карим осы кезге дейін әлі бір рет те Франциядан тысқары жерде төбелесіп көрмепті. Төрт-ақ қарсыласын нокаутпен жеңгеніне қарағанда соққысы да соншалықты қуатты емес секілді. Дегенмен, үлкен айқастарға қайта оралу үшін канадалыққа алдымен осындайларды айқын басымдықпен ұту қажет.

Адонис СТИВЕНСОН (Канада, 29-1, 24КО) – Баду ДЖЕК (Швеция, 22-1-2, 13КО)

19 мамыр, Торонто (Канада)

Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC чемпиондық белбеуі

Егер нокаут көргіңіз келсе, 19 мамыр күнгі жекпе-жекті жіберіп алмаңыз. Канаданың Торонто қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты айқасында шаршы алаңға Адонис Стивенсон мен Баду Джек шығып, канадалыққа тиесілі чемпиондық белбеуді сарапқа салады. Жалпы, 40-тан асса да Стивенсонның қуаты әлі кете қоймаған секілді. Әр айқасында өзінің мықтылығын дәлелдеп келеді. Дегенмен, швециялық жігіт те шымыр. Неде болса, бұл жекпе-жектен нокаут көреміз деп ойлаймын. Бәлкім, айқастың соңына таман екі боксшының біреуі өзінің жойқын соққысын іске қосар.

Геннадий ГОЛОВКИН (Қазақстан, 37-0-1, 33КО) – Ванес МАРТИРОСЯН (АҚШ, 36-3-1, 21КО)

5 мамыр, Лос-Анджелес (АҚШ)

Орта салмақ дәрежесіндегі WBC, WBA, WBO және ІВО чемпиондық белбеулері

Бұл жекпе-жек жайлы тәптіштеп жату артық шығар. Бір анығы, Головкин бізге кезекті Big drama show сыйлайтыны анық.

Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина, 10-1, 8КО) – Хорхе ЛИНАРЕС (Венесуэла, 44-3, 27КО)

12 мамыр, Нью-Йорк (АҚШ)

Жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық белбеуі

Қанша жерден отандасымыз болса да, Головкиннің жекпе-жегін бірінші орынға қоя алмадық. Өйткені, мамыр айының басты айқасы 12 мамыр күні Нью-Йоркте өтеді. «Мэдиссон Сквер-Гарденнің» шаршы алаңына Василий Ломаченко мен Хорхе Линарес шығып, венесуэлалыққа тиесілі WBA чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Екеуі де ТОП боксшылар. Кімнің жеңетінін дөп басып айту қиын. Бір анығы, қайсысы жеңсе де, чемпиондыққа лайық.

Текст: Sadvakas Maikibayev