Берікбай Нұрымбетов – Джейкобс Головкиннен салмақ өлшеу рәсімінде-ақ жеңіліп қалды

18 наурыз 2017 ж.
Берікбай Нұрымбетов – Джейкобс Головкиннен салмақ өлшеу рәсімінде-ақ жеңіліп қалды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Берікбай Нұрымбетов ертең таң әлекеуіммен өтетін Геннадий Головкин мен Дэниел Джейкобстің жекпе-жегіне байланысты өз пікірін білдіріп, жерлесіміздің қай раундқа дейін жеңетінін де айтып берді.

Нұрымбетовтың ойынша америкалық боксшы салмақ өлшеу рәсімінде-ақ Головкиннен жеңіліп қалыпты. Ертең жерлесіміз еш қиындықсыз оны нокаутқа түсіру қажет екен.

– Бүгін боксшылардың салмақ өлшеу рәсімін қарап, мына нәрсені байқадым. Джейкобс ертеңгі жекпе-жекке байланысты қатты уайымдап жүрген секілді. Қобалжып тұрғаны қатты байқалды. Қорқып тұрғанын көрсеткісі  келмегендей сағызын шайнай берді. Бұл ол үшін жақсы белгі емес. Джейкобс, тіпті моральдық тұрғыда жеңіліске қазірден бастап дайын. Нокаутпен құлауға да әзір сияқты. Ал біздің чемпионымыз қай кездегідей, өзіне өте сенімді. Өзінің отты жанарымен-ақ қарсыласын «жер жастандырып» тастады. Меніңше, жекпе-жектің алғашқы раундтарында-ақ Головкин америкалықты бір-екі рет нокдаунға түсіреді де, одан кейін өзі айтпақшы «Big drama show» жасайды. Кіші Вилли-Монромен айқасын көрген бе едіңіздер? Ертеңгі жекпе-жектің де сценариі дәл сондай болуы мүмкін. Тек Джейкобс сегізінші раундқа дейін төтеп бере алатын шығар, – деді Берікбай Нұрымбетов.

Айта кетейік, Геннадий Головкин секілді Берікбай Нұрымбетов те Қарағандының Майқұдық ауданынан. Бокс әліппесімен Головкин секілді ол да Нұркен Әбдіров атындағы спорт мектебінде танысқан.

– Біз Головкин екеуміз бір ауданнан ғана емес, бір мөлтек ауданнанбыз. Ертең жекпе-жектің тым ерте басталып, қазақстандықтар үшін өте ыңғайсыз уақытта өтетініне қарамастан баршамыз жерлесіміз үшін тақым қысып, теледидар алдында телміреміз. Тек Майқұдық қана емес, барша Қазақстан Геннадий Головкиннің жекпе-жегін асыға күтіп отыр, – деді бұл жайлы Берікбай.

Естеріңізге салып өтейік, «Diamond Ring» боксшысы өзінің соңғы айқасын өткен жылдың қыркүйегінде Алматыда өткізіп, төрешілердің бірауызды шешімімен украиналық Валентин Кутцтан басым түскен болатын. Жалпы, кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.

– Қазір өзімнің жеке жаттықтырушым Аркадий Топаевпен бірге Қарағандыда жаттығып жүрмін. Промоутерлерім жекпе-жек болады деген күннің ертеңінде-ақ бабымда боламын, – деп ағынан жарылды Нұрымбетов.

Текст: Sadvakas Maikibayev