Берікбай Нұрымбетов: Қарсыласымды сұлатып салуды мақсат тұтқан жоқпын

26 қыркүйек 2016 ж.
Берікбай Нұрымбетов: Қарсыласымды сұлатып салуды мақсат тұтқан жоқпын

Diamond Ring бокшысы Валентин Куцті жеңген соң өз ойын ортаға салды.

24 қыркүйек күні Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті. Ондағы басты жекпе-жекте Жаһандық бокс кеңесі (Global Boxing Council) тұжырымының чемпиондық атағы сарапқа салынып, қазақстандық Иса Ақбербаев пен неміс Майк Курцвейл жұдырық түйістірді. Бұл айқаста Иса басымдық танытып, қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.

Негізі, аталмыш кеш Diamond Ring боксшысы Берікбай Нұрымбетов пен Украина қыраны Валентин Куцарасындағы рейтингтік жекпе-жекпен ашылған болатын. Алты раундтық жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Берікбайға берді – 60:56, 60:55, 60:54.

Осы айқастан соң Берікбай Нұрымбетовті тілге тартып, алған әсері жайлы сұраған едік:

– Қазақстандық бокс жанкүйерлерін қуантқаныма ризамын. Жекпе-жек жеңіл болған жоқ. Валентин – кәсіпқой бокс рингінде әбден ысылған, шаршы алаңға бірнеше рет шыққан, тәжірибелі боксшы. Мен үшін ең бастысы, кәсіпқой бокс рингінде шыңдала түсу болды.

– Жекпе-жектің бірінші жартысы тең дәрежеде өткендей…

– Валентин мол тәжірибесінің арқасында оңайлықпен алдырмады. Әрі мен үшін өте қолайсыз қарсылас болып шықты. Оның қорғанысын бұзу оңайға түспеді. Әйтсе де, соққыларымды діттеген жеріме тигізе алдым деп ойлаймын. Куц – соққыларын оңды-солды сілтей беретін ұрда-жық жігіт емес, нағыз бокс өнерін көрсететін шебер спортшы. Мұндай боксшылармен айқасудың өзі пайдалы, деңгейіңді өсіре түсуге болатын – тамаша мүмкіндік.

– Жекпе-жекті ертерек аяқтағыңыз келген жоқ па?

– Мені осы жекпе-жекке дайындаған бапкерім Аркадий Топаев алты раундты бастан-аяқ өткізіп шығуды ойластырды. Оның философиясы да – өзгеше, егер сен тек нокаутқа түсіруді ойласаң, онда бар күш-жігеріңді жекпе-жектің бас жағында сарқ етіп алып, соңында титықтап қалуың мүмкін. Басқаша айтқанда, біз спринтке емес, алыс қашықтықтағы бәйгеге дайындалдық. Қарсыласымды сұлатып салу мақсат тұтылған жоқ.

– Куц жекпе-жектің аяғына қарай шаршап қалғандай болды. Ал сіз өзіңізді алты раундтан кейін қалай сезіндіңіз?

– Әлі де жұдырықтаса алар едім. Бұл – менің карьерамдағы екінші алты раундтық жекпе-жек. Өзімді сынап көрдім. Енді сегіз раундтық жекпе-жекке дайынмын деп, сенімді түрде айта аламын.

– Залдағы жанкүйерлердің қиқуы ұнады ма? Көрермендердің сізді қолдап отырғанын сездіңіз бе?

– Осындай үлкен ортада бірінші рет айқастым. Әрине, өз жанкүйерлеріміз демеп-жебеп отырды. Олар менің атымды айтып, қиқу салып, жігерлендіре түсті. Бұл – өте әсерлі. Тебіреніп те кеттім, ең бастысы жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік жүгін де сезіндім. Оларды қуантып, сенімдерін ақтадым деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет, кәсіпқой бокс рингінде үлкен жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспін!

…Естеріңізге сала кетейік, бұл Берікбай Нұрымбетовтің кәсіпқой бокс рингіндегі үшінші жекпе-жегі һәм үшінші жеңісі. Ендігі жоспары – Алматыдағы келесі бокс кешінде, Қанат Ислам – Патрик Аллотей айқасының андеркартында төртінші рет шаршы алаң көрігін қыздыру. Фото.

Текст: Sadvakas Maikibayev