Бекзат Нұрдәулетов лицензиялық турнирді жеңіспен бастады

5 наурыз 2020 ж.
Бекзат Нұрдәулетов лицензиялық турнирді жеңіспен бастады

Иорданияда өтіп жатқан 2020 жылғы Олимпиада ойындарының аймақтық іріктеу турнирінде тағы да мерейіміз үстем болды. 81 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Бекзат Нұрдәулетов Амман төрінде алғашқы жекпе-жегін өткізді. 2019 жылғы әлем чемпионы жаңазеландиялық Джероме Пампелоне деген боксшымен кездесті.

Жаңа Зеландия боксшысы 3 маусым күні жапон Рен Утемураны 4:1 есебімен ұтқан болатын. Шашын әдемілеп өріп алған батыл жігіт екен. Әлем чемпионына бірдан тұра ұмтылды. Бірақ Бекзат саспады. Қарсы соқыларымен күтіп алып, бүйрегі мен басынан дәл ұрды. Бірнеше соққысын діттеген жеріне дөп тигізді.

Пампелоненің жекпе-жек барысындағы ерекше құлшынысы ұнаған ба, бес төрешінің екеуі жеңісті соған беріпті. Бірақ бұдан Бекзат төрешілердің ондай күдікті, дүдәмал шешім қабылдауларына жол берген жоқ. Шалт қимылдап, соққыларын дәл тигізіп отыруға тырысты. Ал қарсыласының тайқып кетуі, бұғып қалуы және құшақтаса кетуі жиілеп кетті. Нұрдәулетов өзінің деңгейі жоғары екенін паш ете білді. Жеңіс! Есеп – 30:27, 30:27, 30:27, 29:28, 29:28.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 63 келі салмақ дәрежесіндегі Закир Сафиуллин жанкешті Қытай боксшысын ұтып, ширек финалға шықан болатын. Бүгін тағы бір боксшымыз Амман рингіндегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Нақтырақ айтқанда, кешкі сессияда 75 келідегі Әбілхан Аманқұл кореялық Джинсей Киммен айқасады.