Бекман Сойлыбаевтың белбеуі Мухаммадхуча Якубовқа бұйырды

8 наурыз 2020 ж.
Бекман Сойлыбаевтың белбеуі Мухаммадхуча Якубовқа бұйырды

Азия және Мұхит жағалаулары елдерінің лицензиялық турнирінде Токио Олимпиадасының жолдамаларын сарапқа салып жатқан боксшылар додасы дегбірімізді алып барады-ақ. Бірақ кәсіпқой бокс рингтерінде болып жатқан қызықтарды да ұмытпайық деп, кешелі бері өткен кештерді бір шолып шығуды жөн санап отырмыз.

Бекманның белбеуі

Кеше Ресейдің Екатеринбург қаласында RCC Boxing Promotions 35-ші турнирін өткізді. Осы кеште бірнеше қызықты жекпе-жектер өтті. Мәселен, қазір Ресейде тұратын, рингке осы елдің атынан шығып жүрген тәжік жігіті Мухаммадхуча Якубов (16-0, 9 KO) екінші жартылай жеңіл салмақта Мексика боксшысы Томас Рохасты (51-19-1, 34 KO) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Әрі WBC International белбеуін төртінші рет қорғап қалды.

Біздің айтпағымыз да осы белбеу жайлы еді. Бұл белбеуді 2017 жылы сәуір айында Diamondring саңлағы Бекман Сойлыбаев (12-0, 4 KO) жеңіп алған болатын. Мексикада өткен бокс кешінде Венесуэла жігіті Самуэль Гонсалесті ұпай санымен ұтқан. Әрі жарты жылдан кейін қазан айында мексикалық Фернандо Варгасты ұтып, белбеуін қорғап қалған.

Өкінішке қарай, сол Лас-Вегаста өткен жекпе-жектен соң Бекман шаршы алаңға шықпай кетті. Себебі қолын жарақаттап алған екен. Алайда ол қолғабын шегеге ілген жоқ. Қазір жан-жақты дайындалып жүр. Жарақаты жазылған. Алға қойған жоспарлары мен мақсаттары да бар. Біз Бекманның тезірек рингке оралып, жеңіске жете беруіне тілектеспіз.

Ержан Залилов пен аты шулы Тищенко

Ал Екатеринбургтегі бокс кеші жайлы сөзімізді сабақтар болсақ, онда 10 жекпе-жек өтті. Соның бірінде біздің Ержан Залилов (11-2-1, 5 KO) тәжік боксшысы Асрор Bохидовтан (7-0, 3 KO) ұтылып қалды (суретте). аталмыш жекпе-жек шектен тыс тартысты өтіп, Ержан бесінші раундтың басында қарсыласын нокдаунға түсірген. Алайда жеңісті жұлып алуға бұл да жетпеді...

Айтпақшы, осы кеште Екатеринбург шаршы алаңына аты шулы, ресейлік боксшы Евгений Тищенко (7-0, 5 KO) да шықты. Оның Рио Олимпиадасының финалындағы «жеңісін» біздің жанкүйерлер ұмыта қоймас. Сол Тищенко өз елінде Аргентина боксшысы Маркос Антонио Аумадоны үшінші раундта бауырынан ұрып, нокаутқа түсірді.

Әжбенов пен Кособуцкий қарсыластарын сұлатты

Ал бұған дейін Біріккен Араб Әмірлігінде бокс кеші өтіп, онда екі жігітіміз жеңіске жеткен болатын. Атап айтқанда, Нұртас Әжбенов (9-0, 4 KO) 29 жастағы Филиппин боксшысы Джей-Ар Магбуды (18-5-2, 9 KO) сегіз раундтық жекпе-жек басталған бетте, яғни бірінші раундта екі рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен басым түскен.

Дәл осы кеште, яғни Дубайда ең ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий (13-0, 12 KO) Гана боксшысы Абрахам Табулды (17-4-1, 14 KO) жеңді. Бірінші раундтың аяғында бүйірінен ұрып нокдаунға түсіріп еді, гонг үні естіліп, құтылып кетті. Алайда екінші раундта Жанның кезекті ауыр соққысынан соң, тізерлеп отыра қалып, орнынан тұрмай қойды...