Бекман Сойлыбаев пен Нұрлан Қоянбаев Америкада кездесті

19 тамыз 2017 ж.
Бекман Сойлыбаев пен Нұрлан Қоянбаев Америкада кездесті

Бұл күндері АҚШ-та жүрген қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев бастаған түсірілім тобы Лос-Анджелесте WBC International чемпионы Бекман Сойлыбаевпен кездесті

Айта кетейік, кино әлеміндегі сәтті дебютінен кейін Нұрлан Қоянбаев «Қазақша бизнес» фильмінің екінші бөлімін түсіруді қолға алды. Фильмнің желісі бойынша оқиға Америкада өрбиді. Осыған байланысты туындыны «Америкадағы қазақша бизнес» деп атапты. Екінші бөлімде көрермендер сол бұрынғы актерлерді қайта көре алады. Жұмысын ары қарай дамытуды көздеген басты кейіпкер қонақүйіне халықаралық мәртебе бергісі келіп, «бес жұлдызға» жету үшін Америкаға аттанған. Рөлдердің бірін Нью-Йорктің үздік полицейі қазақ Димаш Ниязовтың сомдайтыны белгілі болды.

Кеше Нұрлан Қоянбаев бастаған түсірілім тобы Лос-Анджелесте Бекман Сойлыбаев және оның сенімді досы, әрі жеке бапкері Бауыржан Ізтілеуовпен кездесті. Продюсер екінші жеңіл салмақтағы WBC International чемпионының алдағы жекпе-жегіне сәттілік тілеп, міндетті түрде жанкүйер болатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 13 қазанда Бекманды Лос-Анджелесте кезекті чемпиондық айқас күтіп тұр. Бұл оның кәсіпқой бокстағы 12-ші жекпе-жегі болмақ. Бұған дейінгілердің барлығында жеңіске жеткен. Ал соңғы жеңісінен кейін Бекманды «Түнгі студияда» ток-шоуы қонаққа шақырып, сол жерде бағдарлама жүргізушісі Нұрлан Қоянбаевпен танысқан.

Текст: Sadvakas Maikibayev