Бекман Сойлыбаев – Головкин үшін ең қауіпті қарсылас Сауль Альварес емес, Эрисланди Лара

19 наурыз 2017 ж.
Бекман Сойлыбаев – Головкин үшін ең қауіпті қарсылас Сауль Альварес емес, Эрисланди Лара

Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC Eurasia және WBA-NABA USA чемпиондық белбеулерінің иегері Бекман Сойлыбаев Нью-Йоркте өткен Геннадий Головкин мен Дэниел Джейкобостің жекпе-жегі жайлы өз ойын білдіріп, қазақстандық чемпионға кімнің лайықты қарсылас бола алатыны жайында айтып берді.

– Менің болжамым келді. Өзім де осындай айқас күткен едім. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын бұл жекпе-жек 12 раундқа созылып, жерлесіміз тек төрешілердің шешімімен жеңіске жетеді деген едім. Сол үшін неше түрлі сөздер естіп, өзіме біраз жанкүйерлерді қарсы қылып алдым. Бірақ, америкалық та осал шағылар жаңғақ емес қой, – деп ағынан жарылды Бекман Сойлыбаев. – Джейкобс Головкиннің өзге қарсыластары секілді бір орында тұрып алған жоқ. Үнемі қозғалыста болды. Геннадийді қажетті қашықтыққа жақындатпады. Мінезді боксшы екенін көрсетіп, мықтылығын дәлелдей білді. Бірақ, Геннадий де өзіне сенімді болды. Жақсы жұдырықтасып, керемет «big drama show» сыйлады. Төрешілердің Головкиннің жеңісін мойындағандары заңдылық.

– Егер жекпе-жекті толық саралайтын болсақ, қай раундтарды Джейкобстің еншісіне жазуға болады?

– Алғашқы раундтарда Головкиннің мықтылығы айқын сезіліп тұрды. Өзіне сенімді болып, көп соққыларын дөп тигізді. Күшін әр раундқа өлшеп, арасында тынығып алып жатты. Тіпті, бастапқыда америкалықты нокдаунға жіберіп үлгерді. Дегенмен, алтыншы раундтан бастап Джейкбос те ерледі. Бәлкім, жаттықтырушылары да дұрыс кеңес берген шығар, Геннадийге қарсы қалай жұдырықтасу қажеттігін біліп алды. Оның үстіне, бұған дейін Triple G ешқашан 12 раунд жұдырықтаспаған ғой. Соңына таман екеуінің де әжептеуір шаршағандықтарын байқадым. Егер раундтарға шағар болсақ, алтыншы және сегізінші раундты Дэниелдің еншісіне жазар едім. Төрешілердің қағазында неліктен басқа есеп көрсетілгенін білмеймін, бірақ меніңше соңы үш раундта Головкин белсендірек және дәлірек болды.

– Жекпе-жек аяқталғанда төрешілер жеңісті Дэниел Джейкобсқа беріп жібереді деген қорқыныш болмады ма?

– Әлбетте, біздің чемпион үшін тақым қысып, қобалжып отырдым. Өткен жылғы ресейлік Сергей Ковалев пен америкалық Андре Уордтың жекпе-жегін мен де көргенмін. Сол секілді, төрешілер жеңісті өз боксшысына беріп жібере ме деген қорқыныштың болғаны да рас. Алайда Головкин өзінің мықтылығын мойындатты. Геннадий Головкинді және барша қазақстандық бокссүйер қауымды осы тамаша жеңіспен құттықтаймын!

– Енді оның келесі қарсыласы кім болуы мүмкін? Жалпы, Головкинге тағы кім осындай лайықты қарсылық көрсете алады?

– Меніңше Билли Джо Сондерс және Сауль Канело Альвареспен Головкин басқаша жұдырықтасатын болады. Келесі қарсыласы Сондерс болады деген үміттемін. Ертерек арманы орындалып, орта салмақтағы барлық белбеулерді жеңіп алса, сөйтіп, осы салмақтың нағыз королі атанса екен деймін. Оның үстіне, ағылшын да, мексикалық та жұдырықтасу мәнері жөнінен Головкинге өте ыңғайлы. Оларға қарсы жұдырықтасу оңайырақ болады. Өйткені, олар қашқақтамайды ғой. Дегенмен, Канеломен ертерек келісімшартқа отырмаса болмайды. Себебі, жасы келген сайын Геннадийдің де күші әлсірей бастайды. Егер қазір кездеспесе, екі жылдан кейін Канелоны жеңу мүмкін болмай қалады. Кім біледі, бәлкім жерлесіміз де бүгіні айқасты әдейі 12 раундқа созға шығар. Бұл да саясат қой. Сондерс пен Канелоны қармаққа ілудің бір амалдарының бірі болуы әбден мүмкін. Дегенмен, кубалық Эрисланди Ларамен қазірдің өзінде кездесу қауіпті. Джейкобс секілді Лара да қашып жүріп, сериялық контршабуыл жасаудың хас шебері. Аяқпен тынбай жұмыс жасайды. Мұндай боксшылар Triple G үшін ыңғайсыз. Мұны промоутерлері де жақсы білетін шығар. Сондықтан, кубалыққа қарсы шаршы алаңға шығара қоймас.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Бекман Сойлыбаев қазақстандық Геннадий Головкин мен америкалық Дэниел Джейкбостің жекпе-жегіне байланысты болжам жасап, жеңістің жерлесімізге 12 раундтың қорытындысы бойынша бұйыратынын айтқан. Өзінің соңғы айқасын 10 наурыз күні Лос-Анджелес те өткізген Бекман да қарсыласы мексикалық Герман Меразды төрешілердің шешімі бойынша жеңді. Енді келесі айқасы сәуір айының ортасында тағы да АҚШ-та өтеді деп жоспарлануда.

Текст: Sadvakas Maikibayev