Бекман СОЙЛЫБАЕВ – Бұл жолы Головкинге ешкім кедергі бола алмайды

12 қыркүйек 2018 ж.
Бекман СОЙЛЫБАЕВ – Бұл жолы Головкинге ешкім кедергі бола алмайды

Осы жексенбі әлем боксын жылдың ең маңызды жекпе-жегі күтіп тұр. Лас-Вегаста қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес айқаспақ. Қос мықтының қарымта айқасы туралы Diamond Ring сайтына өз пікірін екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің WBC International чемпионы Бекман Сойлыбаев білдірген еді.

Бекман, Головкин мен Альварестің алдағы айқасынан не күтесіз?

– Әлем күткен айқас. Бұл кездесуді Қазақстанның ғана емес, барлық елдің бокс жанкүйерлері күтіп отырған шығар. Жекпе-жектен бәрін күтуге болады. Головкин нокаутпен жеңіп кетуі де мүмкін, жеңіліп қалуы да ғажап емес. Өйткені, екеуінің де дайындығы өте мықты. Екеуіне де өте қиын болады.

– Сонда Головкин нокаутпен ұтылып қалуы мүмкін бе?

– Әлбетте, екеуі де соққы көтере алатын боксшылар ғой. Головкин де небір соққы жеген. Бірақ, құлаған емес. Бұл жолы қалай боларын тап басып болжау мүмкін емес. Дегенмен, мұндай айқаста екеуі де аянып қалмайды және екеуі де нокаутқа ұшырауы әбден мүмкін.

– Ал тағы да тең есеп тіркеледі деп ойламайсыз ба?

– Жоқ, бұл жолы тең есеп тіркелмейді. Менің пікірімше, былтырғы жекпе-жек те тең аяқталмаған. Головкин жеңген. Төрешілер бұрмалап жіберді. Бірақ, бұл жолы Геннадийге ешкім де кедергі болмауы тиіс. Шын мықты жеңіске жетеді деп ойлаймын.

– Қалай ойлайсыз, боксшылар бірінші минуттан төбелеске кірісе ме, әлде алдымен бір-бірін аңдысып баға ма?

– Аңдысуы да мүмкін, бірден төбелеске кірісіп кетулері де ғажап емес. Аңдысатындай, екі боксшы бірінші рет кездесейін деп тұрған жоқ. Бір-бірін жақсы біледі. Меніңше, бұл жекпе-жекте қай боксшының өзінің жұдырықтасу мәнерін бірінші болып таба білсе, сонысы жеңіске жетеді. Жекпе-жекке құрған жоспарларын бірден іске қосу маңызды.

– Былтырғымен салыстырғанда қай боксшы әлсіреген, қайсысы керісінше, бабында?

– Екеуі де бабында. Головкинді жасы келді, шаршады деп жатқандар көп. Бірақ, бір жекпе-жекке бар күшін сала алады деп ойлаймын. Канело де қаһарына мініп тұр. Екі боксшы да бір-бірін жек көреді және біреуі осы кездесуден кейін Р4Р королі болатыны анық.

Текст: Sadvakas Maikibayev