Бекман Сойлыбаев Америкадағы алғашқы жаттығуын өткізді

11 тамыз 2017 ж.
Бекман Сойлыбаев Америкадағы алғашқы жаттығуын өткізді

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев Лос-Анджелеске келе салысымен әйгілі Wild Card West бокс залында білікті маман Эрик Браунның қарамағында бірден жаттығуға кірісіп кетті.

Америкаға аяқ басқан бірінші күні Бекман негізінен жеңіл жаттығулар жасап, көп жағдайда физикаға көңіл бөлді. Енді алда жерлесімізді негізгі жаттығулар мен өз салмағындағы әйгілі боксшылармен болатын спаррингтік кездесулер күтіп тұр.

– Тамаша күтіп алды. Көңіл күйім тамаша. Тез бейімделіп кеттім. Мұнда маған бәрі таныс. Енді жаттықтырушым Эрик Браунның маған дайындаған жаңа сынақтарын асыға күтіп жүрмін. Мен дайынмын, – деп ағынан жарылды бізге Бекман.

Естеріңізге сала кетейік, WBC International чемпионы Бекман Сойлыбаев келесі жекпе-жегін 13 қазан күні Лос-Анжелесте жоспарланған кәсіпқой бокс кешінде өткізеді. Әзірге қарсыласы белгісіз. Бүгінге дейін «Diamond Ring» боксшысы кәсіпқой рингте 11 айқас өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жегінде венесуэлалық Самуэль Гонсалесті жеңіп, екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған.

Текст: Sadvakas Maikibayev