Бекман СОЙЛЫБАЕВ: Альварес Головкиннен төрт-ақ раундта басым болды

20 қыркүйек 2017 ж.
Бекман СОЙЛЫБАЕВ: Альварес Головкиннен төрт-ақ раундта басым болды

 

Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев 17 қыркүйек күні өткен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы айқас туралы пікірін білдірді.

– Бекман, Triple G мен «Канело» арасындағы айқасты көрген шығарсыз. Сіздің ойыңызша кім жеңді?

– Бір емес, бұл жекпе-жекті екі рет көрдім. Менің санауым бойынша, 8:4 есебімен Геннадий жеңді. Тең есептің қайдан шыққанын білмеймін, бірақ «Канело» тек алғашқы екі раунд пен соңғы екі раундты ғана алды.

Бірақ жекпе-жектен кейін жарияланған суреттерде Головкиннің түрі біраз ісіп кеткенін көрдік қой.

– Байқаған болсаңыз, Головкиннің беті әр айқастан кейін ісіп жүреді. Терісі нәзік. Менікі де солай. Жекпе-жек кезінде қанша қорғанып, соққы алмасам да, шаршы алаңнан көзім көгеріп шығады. Ал рингте өзіңіз көрдіңіз ғой, Альварес өзінің көзге көрінбейтін велосипедіне отырып алды да, 12 раунд бойы қашып жүрді.

Ал Альварес қашпай, екеуі шаршы алаң ортасында айқасқанда не болар еді?

– Онда Головкин оны бесінші раундқа дейін-ақ «өлтірер» еді. «Канело» мұны жақсы түсінді. Қашып жүргені сондықтан. Альваресті де соншалық әлсіз болды деп те айтпас едім. Ол өте жылдам, әрі қорғанысы мықты екен. Әр раундты белсенді бастайтыны да ұнады. Дегенмен, Головкин оны 12 раунд бойы қуумен болды.

Енді қарымта айқастан не күтесіз?

– Қарымта айқас бірнәрсені өзгерте алады деп ойламаймын. Меніңше, Головкинге Альвареспен ұйымдастырушылар жоспарлағандай мамыр айында айқасудың қажеті жоқ. Өйткені, өздерінің ұлттық мейрамы Синко де Майо күнінде мексикалықтар жеңісті біздің жерлесімізге бере қоймас. Ал нокаутқа түсіру «Канелоны» мүмкін емес. Себебі, ол жекпе-жек бойы қашып жүреді де, айқастан кейін төрешілер жеңісті соған бере салуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің айқасы тең өтіп, көпшіліктің арасында үлкен дау тудырған болатын. Ал Бекман Сойлыбаев өзінің келесі жекпе-жегін 13 қазан күні Лос-Анджелесте өткізеді деп жоспарлап отыр. Қарсыласы алдағы аптада анықталып қалуы тиіс.

Текст: Sadvakas Maikibayev