Бекман Сойлыбаев – АҚШ-та мені тағы бір айқас күтіп тұр

12 наурыз 2017 ж.
Бекман Сойлыбаев – АҚШ-та мені тағы бір айқас күтіп тұр

Мексикалық Герман Меразды жеңгеннен кейін қазақ батыры Бекман Сойлыбаев сұхбат беріп, жекпе-жек барысы жайлы айтып берді және алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Бекман, жекпе-жек өзің жоспарлағандай жүйеде өтті ме?

– Негізі, осылай болады-ау деп өзім де топшылағанмын. Мексикалық боксшы алты раунд бойы қашумен болды. Сәл жақындап кетсең болды, құшақтаса кетеді екен. Шаршы алаңда өте лас жұдырықтасатынын әу баста-ақ білген едік. Өзі де жөнді жұдырықтаспайды, қарсыласқа да мүмкіндік бермейді. Сондықтан, жаттығу кезінде құрышын келтірген кейбір соққыларымды дұрыс өткізе алған жоқпын. Дегенмен, алты раундтың бәрін жұдырықтасқаным да дұрыс болған шығар. Жекпе-жектен кейін бұдан да көп раундтарға шыдай алатынымды байқадым.

– Алда сізді АҚШ-та тағы бір айқас күтіп тұр.

– Иә, жекпе-жек жобамен сәуір айына жоспарланған. Әзірге нақты уақыты, қай қалада өтетіні және қарсыласымның кім екені белгісіз. Мұнымен промоутерлерім айналысып жатыр. Жақын арада барлығы белгілі болып қалар.

– Енді жаттығуға қашан қайта кірісесіз?

– Бапкерлер екі күн демалыс берген. Жақсылап тынығып алып, дайындыққа қайтадан кірісемін.

– 17 наурызда Геннадий Головкин мен Дэниел Джейкобс арасындағы чемпиондық айқас өтеді. Бұл жекпе-жекті «Мэдисон сквер Гарденнен» тамашалауды жоспарламайсыз ба?

– Біздің жаттығу базамыз АҚШ-тың батыс жағалауында орналасқан. Ал Головкин мен Джейкобс жекпе-жегі шығыстағы Нью-Йоркте өтеді. Арасы өте қашық. Оның үстіне, мен ол кезде қызу жаттығуға кірісіп кетемін. Сондықтан, Нью-Йоркке баруға мүмкіндік болмайды. Дегенмен, базадағы жігіттер жиналып, жекпе-жекті теледидардан қарайтын боламыз. Головкиннің жанкүйерлері мұнда да баршылық. Жерлесіміздің жеңісіне тілеулеспіз. Джейкобсті жеңіп, қазақстандықтарды қуантады деп үміттенемін.

Текст: Sadvakas Maikibayev