Бұл қысым ба, әлде сенімділік пе?

7 қыркүйек 2018 ж.
Бұл қысым ба, әлде сенімділік пе?

Мексикалық боксшы Сауль Альварес 16 қыркүйек күні Геннадий Головкинмен болатын кездесуден кейін тағы бір жекпе-жектің уақытын бекітіп қойды. Канело 15 желтоқсанда да шаршы алаңға шықпақшы.

Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гоместің айтуынша, олар Головкинмен болатын жекпе-жектен кейін көп демалуды жөн көрмейді екен. Бірден келесі айқастың дайындығына кірісіп кетпекші.

– Біз Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенін 15 желтоқсанға броньдап қойдық. Енді қарсылас қарастыру қажет, – деді Fight Sports сайтына берген сұхбатында Эрик Гомес.

Потенциалды қарсыластары ретінде Гари О’Салливан, Дэвид Лемье және Билли Джо Сондерс пен Деметриус Андраде жұптарының жеңімпаздары айтылуда.

Бұл не, өзіне деген сенімділік пе, қарсыласқа көрсетілген қысым ба, әлде менсінбеушілік пе? «Менсінбей тұр» деп айта алмаймыз. Головкин ондайларды кешірмейді. Сауль да оның соққыларының қаншалықты ауыр, шеберлігінің жоғары екенін біледі. Өзіне 100 пайыз сенімді болуы да мүмкін емес. Қандай қарсыласқа қарсы шықпасын, боксшы өзінің жеңетініне толық сенімді болмайды. Кез келген «адасқан» соққы жекпе-жектің ғана емес, боксшының да тағдырын шешіп тастауы мүмкін. Ал егер қарсыласың Геннадий Головкин болса, онда жеңістен гөрі жеңіліп қалу қаупің басымдау. Мұны Альварестің де командасы жақсы түсінеді. Сондықтан, 15 желтоқсанға жекпе-жек бекіту арқылы «Канелоның» командасы Головкинге қысымды күшейте түсуді жөн көрген секілді.

Дегенмен, егер 16 қыркүйекте Головкиннен жеңілер болса, Альварес одан кейінгі айқасын келесі жылға шегеруге мәжбүр болады. Ал егер нокаутқа түсер болса, онда алты ай шаршы алаңға шығу құқынан айрылады.

Текст: Sadvakas Maikibayev