Қазақстанның үш боксшысы қарсыластарын есеңгіретті

14 мамыр 2016 ж.
Қазақстанның үш боксшысы қарсыластарын есеңгіретті

Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде алғашқы үш жекпе-жек аяқталды.

Шаршы алаңға бірінші болып, жартылай ауыр салмақтағы (79,380 келі) боксшылар шықты. Қазақстандық Али Ахмедов кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет шықса, Беларусь боксшысы Сергей Крапшило тәжірибесі мол жігіт еді.

Негізі, бұл төрт раундтық жекпе-жек болатын. Бірақ Ахмедов қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсіріп, кәсіпқой бокстағы карьерасын тамаша жеңіспен бастады.

Екінші жекпе-жекте Айдын Елжанов та Грузиядан келген Хвича Гиголашвилиді нокаутқа түсірді. Алайда грузин «Стары» да тырмысып, тырысып айқасып бақты-ақ. Десек те, бесінші раундтан соң оның секунданттары жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, қазақ боксшысы үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Үшінші жекпе-жекте көрермендер қазақтың тағы бір боксшысының өнеріне тәнті болды. Рингке орта салмақ дәрежесіндегі Айдос Ербосынұлы мен грузин Лаша Гургуалини шыққан болатын. Әрі екеуі де бұған дейін жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген-ді. Сондықтан бұл жекпе-жек екеуіне де маңызды еді. Іс жүзінде Алматының «Барыс» клубынна келген Айдос ширақ қимылдады. Соққылары да пәрменді және діттеген жеріне дөп тиіп отырды. Қарсыласын бірнеше рет нокдаунға түсірген соң, төреші айқасты тоқтатып, қазақ жігітінің қолын көтерді.

Енді рингке «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының өкілі Елдос Сарқұлов пен өзбектің қайсар қыраны Шерзодбек Мамаджонов шығады. Ең жеңіл салмақтағы рейтингтік айқас алты раундқа жоспарланған.

Текст: Sadvakas Maikibayev