Армандар орындалады – Бекзат Нұрдәулетов Олимпиада жолдамасын жеңіп алды

8 наурыз 2020 ж.
Армандар орындалады – Бекзат Нұрдәулетов Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
Фото - olympic.kz

Бокстан Токио Олимпиадасының тағы бір лицензиясына қол жеткіздік. Абылайхан Жүсіповтен кейін іле-шала шаршы алаңға шыққан Бекзат Нұрдәулетов те жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Әрі 81 келі салмақ дәрежесі бойынша 2020 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамасын жан қалтасына басып, қуаныштан көзіне жас іркілді...

Өйткені, бұл жолдама Бекзатқа оңайшылықпен келген жоқ. Былтыр әлем чемпионатында бағы жанып, алтынмен апталғанынша, қандай қиындықтардан өткенін бір өзі білер. Бүгін ширек финалдық жекпе-жекте біраз қобалжытты. Толғанысын тарқата алмаған ба, кейде кібіртіктеп қалатындай болып көрінді...

Жеңісіне біз де, төрешілер де титей де күмән келтірген жоқпыз. Тәжік Шаббос Негматуллоевтан шүбәсіз басым түсті. Соққыларын дөп тигізіп отырды. Бірақ басы жарылып, қаны судай сорғалап ағып, үрейімізді ұшырды. Әсілі, бойы өзінен аласалау, қолы қысқалау боксшымен қоян-қолтық айқасып керегі жоқ-ау, осы...

Бірақ Бекзат қайсарлық танытып, қарсыласынан деңгейі жоғары екені дәлелдеп шықты. Есеп – 5:0 (30:27, 30:27, 30:27, 30:27, 30:27). Ең бастысы, асқақ арманына қол жеткізіп, Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Әрі Амман турнирінің жартылай финалына шықты. Абылайхан мен Бекзаттың жеңістері қалған алты жігітімізге жұғысты болсын деп тілейміз.