Алыптардың абсолютті чемпионы қашан анықталады?

29 мамыр 2018 ж.
Алыптардың абсолютті чемпионы қашан анықталады?

«Тоғызым бір төбе, Ертөсітігім бір төбе» демекші, кәсіпқой бокста салмақтың төресі – алыптар салмағы. Ең қызықты, тартысты жекпе-жектердің барлығы осы дивизионда. Дегенмен, дәл қазір аса ауыр салмақ дәрежесінде мен деген екі боксшы ғана қалды. Сол мықтылардың бір-бірімен жұдырық түйістіретін кезін күтіп жүргендер өте көп.

Александр Поветкин, Дэвид Хей немесе Тони Белью жайлы емес, Деонтей Уайлдер мен Энтони Джошуа жайлы айтып отырмыз. Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі барлық белбеулер қазір осы екеуінің еншісінде. Америкалық боксшы – WBC тұжырымының чемпионы болса, ағылшынның еншісінде WBA, WBO, IBF және ІВО чемпиондық белбеулері бар.

Енді жанкүйерлер осы екі боксшының өзара кездесуін талап етіп отыр. Промоутерлер мен әртүрлі бокс ұйымдары басшыларының да қалауы осы. Мәселен, WBC президенті Маурисио Сулейман “басқа біреуге жеңіліп қалмай тұрып, бұл екеуін өзара кездестіріп алу қажет. Екеуі де чемпион. Екеуінің де жанкүйерлері көп. Мұндай жекпе-жекті қай жерде өткізсең де, пайда түсіруге болады. Сондықтан, Америкада болсын, Британияда болсын, тіпті Африкада болсын, айқас өтуі тиіс», – деген болатын.

Екі боксшы да бір-бірімен кездесуге кетәрі емес. Дегенмен, әрқайсысы өз жеріне тартып әлек. Энтони Джошуа қарсыласына 12,5 миллион доллар ұсынып, Англияға шақырып жатыр. Өз кезегінде Деонтей Уайлдер британдықпен Америкада айқасу үшін 50 млн. доллар беруге дайын екендігін айтты.

Ендігі кезек промоутерлерде. Соңғы рет боксшылар өз жекпе-жектерін наурыз айында өткізіп, сәтті аяқтаған. Бәлкім, жыл соңына дейін қос алып ақыры айқасып, абсолютті чемпионды анықтап қалар.

 

Текст: Sadvakas Maikibayev