Алматы шаршы алаңында дауыл – Сенбі күні әлемдік деңгейдегі бокс кеші өтеді!

22 қыркүйек 2016 ж.
Алматы шаршы алаңында дауыл – Сенбі күні әлемдік деңгейдегі бокс кеші өтеді!

Бүгін Алматыдағы Essentai Mall сауда орталығында 24 қыркүйек күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін кәсіпқой бокс кешіне арналған баспасөз жиыны ұйымдастырылды.

Аталмыш бокс кешіндегі басты жекпе-жекте Жаһандық бокс кеңесі (Global Boxing Council) тұжырымының чемпиондық атағы сарапқа салынады. Қостанай тумасы, үш дүркін әлем чемпионы, лақап аты «Ара» Иса Ақбербаев Германияның «Нокаут-машинасы» Майк Курцвейлмен айқасады.

Неміс боксшысы қазақ еліне ұзақ жол жүріп, сонау алыстан тек жеңіс үшін келгенін мәлімдеді. Оған Иса қарсыласы рингте қазақтармен әлі кездесіп көрмегендіктен, өзіне бек сенімді екендігіне айрықша көңіл аудара отырып, жауап қайтарды.

Баспасөз жиынында бокс кешінің басты айқасы андеркартында тоғыз жекпе-жек өтетіндігі мәлім болды. Оның ішінде жастар арасындағы иесіз WBC-Интерконтиненталь (құрлықаралық) белбеуіне қазақ Ернар Ешенов пен аргентиналық Марсело Рубен Молина таласады. Сондай-ақ иесіз WBO-Ориентал белбеуін қазақстандық Александр Журавский мен Георгий Джинчарадзе сарапқа салады. Ал Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері Фируза Шәріпова мен серб қызы Милена Мотович арасындағы айқас сенбі күнгі бокс шоуының әрін ашып, көреремендер көзайымына айналуы тиіс.

Осы кеште шаршы алаңға Diamond Ring боксшылары – Айдар Шәрібаев пен Берікбай Нұрымбетов те шығады. Берікбайдың жартылай орта салмақ дәрежесіндегі, алты раундтық жекпе-жектегі қарсыласы – Украинаның кәсіпқой қыраны Валентин Куц (27 жекпе-жек өткізген, оның 22-сінде жеңіске жеткен (8 KO), бес рет ұтылып қалған). 36 жастағы Валентин Куц өзінің кәсіпқой бокс рингіндегі карьерасында IBO тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпиондық атақтан да, IBC тұжырымы бойынша чемпиондық атақтан да үміткер болған. Сондай-ақ 2010 жылы ЕВА тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған. Десек те, кәсіпқой бокс рингіне бар болғаны екі-ақ рет шыққан, әрі екеуінде де төрешілердің бірауызды шешімдерімен жеңіске жеткен Нұрымбетовті қарсыласының тәжірибесінің мол екендігі толғандырмайды. Біздің боксшымыз жекпе-жекке – моралді тұрғыда да, дайындық жағынан да сақадай-сай.

Өткізген жекпе-жектерінің саны басымдау екендігі жайлы сұраққа Берікбайдың жаттықтырушысы Аркадий Топаевбылай деп жауап берді: «Барлық боксшылардың екі қолы, екі аяғы және бір басы бар. Осы тұрғыда, мен ешқандай да басымдықты көріп тұрған жоқпын. Біздің мақсатымыз – өз ойларымызды жүзеге асырып, алты раундты толықтай өткізіп шығу».

Айдар Шәрібаев жеңіл салмақтағы алты раундтық айқаста Заза Амирадземен жұдырық түйістіріп, ел намысын қорғайтын болады. Грузия өкілі алты жекпе-жек өткізіп, әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген, тіпті төрт рет нокаутпен үстем түскен. Айдар да әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген емес. Екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де аяғына жеткізбей жеңіске жетті.

Бүгін Айдардың қарсыласы көп сөйлеген жоқ. Әйтсе де, осындай шоуға қатысуына мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс жолдауды ұмытпады. Шәрібаев болса, өзінің жан-жақты дайын екендігін атап өтіп, жанкүйерлерді тәнті қылуға тырысатындығын тілге тиек етті.

Ұраны («Дауыл гуілі) кесімді түрде қызықты айқастарға толы болатындығын меңзейтін кәсіпқой бокс кеші 17:00-де басталады. Осы кештегі тартысты айқастарды өз көзімен тамашалай алмайтын спорт жанкүйерлері үшін «Хабар» телеарнасы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайдан тікелей эфирде трансляция жүргізеді.

Ал ұйымдастырушылар әлемдік деңгейде қызықты шоу өткізуге уәде беріп отыр!

Текст: Sadvakas Maikibayev
Тегтер: Алматыда