Алғашқы лицензия – Абылайхан Жүсіпов тай тарланын тізе бүктірді

8 наурыз 2020 ж.
Алғашқы лицензия – Абылайхан Жүсіпов тай тарланын тізе бүктірді
Фото - olympic.kz

Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирі шешуші кезеңіне таяды. Бүгін ширек финалдық жекпе-жектер басталды. 69 келі салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов Таиланд боксшысы Вуттичай Масукпен жұдырық түйістірді.

Абылайхан бұл жекпе-жекте өз шеберлігін паш етіп, қарсыласынан басым түсті. Шалт қимылымен, жылдам соққыларымен сүйсіндірді. Қолды-аяққа тұрмай, жұдырығын дәл тигізуге тырысты. Тай жігіті де осал емес екен. Ұтылып жатқандығын біліп, таза жұдырықтасуды қойып, алысып-жұлысып көрмек де болды.

Алайда Абылайхан оның ыңғайына көнбей, қарқынын үдете түсті. Тізгін тартпай, үш раунд бойы төпеледі. Бастырмалатып та ұрды, аңдысын аңдап түйіп те қалды. Таза жұдырықтаспайтын боксшымен қалай айқасу керек екендігін көрсетті. Ағылшын тілді комментаторлар бұл жекпе-жек біткенде, «мынау нағыз шеберлік сабағы болды» деп тамсанды.

Сөйтіп, Абылайхан өзінің техникалық шеберлігі әлдеқайда жоғары екендігін паш етіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Есеп – 5:0 (30:27, 29:28, 30:27, 30:27, 29:28). Әрі біздің қыз-жігіттерімізден бірінші болып Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Құттықтаймыз!