Александр Хижняк Лондонда Камран Шахсуварлыны нокаутқа түсірді

17 наурыз 2020 ж.
Александр Хижняк Лондонда Камран Шахсуварлыны нокаутқа түсірді

Токио Олимпиадасының Еуропа елдері арасындағы лицензиялық турнирі тоқтатылғанға дейін небір қызықты жекпе-жектер өтті. Солардың бірі 75 келі салмақ дәрежесіндегі украин Александр Хижняк пен әзербайжан Камран Шахсуварлы арасындағы айқас болды. Бірақ бұл жекпе-жек екі минуттың ішінде аяқталды...

Украина құрамасының капитаны Александр Хижняк Лондон рингінде Ақтөбеде туған Камран Шахсуварлыны бірінші раунда-ақ (119-шы секундта) ұрып құлатып, нокаутқа түсірді. Әзербайжан құрамасының бетке ұстар боксшы орнынан тұрғанымен, төреші оның көзіне қарап, жекпе-жекті тоқтатты. Сөйтіп, украин жігіті лицензиялық турнирдің 1/8-финалына шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Рио Олимпиадасының және 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Камран Шахсуварлы іріктеу турнирінің 1/32-финалында Австрия боксшысы Эдин Авдичті жеңген болатын. Ал 2017 жылғы әлем және Еуропа чемпионы Александр Хижняк жеребесінің түсуіне байланысты, рингке тек екінші айналымда шыққан болатын.