«Алашұлы» тобының әншісі Әзімбек Байлин – Ертеңгі жекпе-жекте Айдарға «Батырлар ұраны» рух береді деп сенемін

3 қараша 2017 ж.
«Алашұлы» тобының әншісі Әзімбек Байлин – Ертеңгі жекпе-жекте Айдарға «Батырлар ұраны» рух береді деп сенемін

Әр боксшының шаршы алаңға шыққанда қосатын өз әні немесе музыкасы болады. Мәселен, Геннадий Головкин The White Stripes тобының Seven Nation Army әнін қосса, Бекман Сойлыбаев рингке Қайрат Нұртастың «Жаса, Қазақстан» әнімен көтеріледі. Ал Айдар Шәрібаев соңғы кездері «Алашұлы» тобының «Батырлар ұранынан» қуат алып жүр.

Ертең де АҚШ-тың Киссими қаласында өтетін жекпе-жек кешінде Айдар шаршы алаңға осы «Батырлар ұранын» қосып шықпақ. «Алашұлы» тобының әншісі, әрі Айдардың досы Әзімбек Байлиннен осы туындының шығу тарихы жайлы сұраған едік.

– Айдардың тағы да біздің әнді таңдағанына алғыс білдіремін. «Батырлар ұраны» біздің ғана емес, бүкіл қазақтың, Алаш батырларының әніне айналды ғой. Ертеңгі айқасында айдарға рух сыйлап, қосымша қуат береді деп сенемін. «Батырлар ұранының» Америка төрінде шырқалуы біз үшін үлкен абырой, – деді Әзімбек.

– Жалпы, әннің шығу тарихы жайлы айтып бересіз бе? Авторы кім?

– «Батырлар ұранын» жалпы қазақтың батыр ұлдарына, спортта жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жігіттерімізге арнағанбыз. Әннің авторы – Жарылқасын Дәулет ағамыз. Сөзіне біраз ақындар үлес қосты. Оның ішінде Асқат Қылышбек, Бауыржан Әлқожа деген бауырларымыз бар. Өзіміз де даусымызға ыңғайлап, аздап түрттік.

– Ал Айдармен қашаннан таныссыздар?

– Айдармен жақсы араласамыз. Дос емес, бауырлардай болып кеттік қой. Ертеңгі жекпе-жегіне сәттілік тілеймін! Барша қазақтарды жарқын жеңісімен қуантып жүрген бауырымыз, бұйыртса, ертең де қарсыласын нокаутқа түсіреді деп үміттеніп жүрміз. Алла қаласа, 16 қараша күні Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт бергелі отырмыз. Соған Айдарды да шақырамыз. Сол жерде боксшыларға арналған «Жекпе-жек» деген жаңа әнімізді де шырқаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпқой рингте алты айқас өткізіп, алтауын да жеңген, оның бесеуінде қарсыласын нокаутқа түсірген қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаевтың жекпе-жегі ертең, яғни сенбі күні таңертең АҚШ-тың Флорида штатындағы Киссими қаласында өтеді. Қарсыласы – колумбиялық Даулис Прескотт (31-5, 23КО).

Текст: Sadvakas Maikibayev