Айдар Шәрібаевтың қазанның соңындағы қарсыласы анықталды

21 қазан 2016 ж.
Айдар Шәрібаевтың қазанның соңындағы қарсыласы анықталды

Қанат Исламның Гана боксшысы Патрик Аллотеймен жұдырықтасатын жекпе-жегінің андеркартында көрермендер Қазақстан және Мексика мектептері өкілдерінің шайқастарын тамашалайтын болады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Diamond Ring командасының жеңіл салмақты саңлағы Айдар Шәрібаев (3 (3KO)-0)өзінің кәсіпқой бокс рингіндегі төртінші жекпе-жегін өткізуге дайындалып жатыр. Бұл айқас та Айдардың туған жері Алматыда, 29 қазан күнгі Қанат Ислам – Патрик Аллотей шоуының аясында, «Алматы-Арена» спорт кешенінің төріне керілген рингте өтеді.

Бұл кештегі Айдардың қарсыласы Мексика тарланы Хуан Окура болады. Лақап аты – У (Заһар). Латынамерикалық боксшы 18 жекпе-жек өткізген – (11 (4 KO)-6-1). Ең соңғы жекпе-жегін ресейлік Александр Подольскиймен өткізіп, ұпай санымен ұтылып қалған.

Ашығын айтқанда, бұл жекпе-жек Айдар үшін алғашқы сындарлы сын болады. Мексика жігіттерін бәрі біледі. Жандары сірі, қайтпас қажырлы – қырандар. Оларды құлату оңай емес. Хуан Окура да – өте тәжірибелі спортшы, Мексика боксының нағыз сырттаны. Шәрібаев та осал емес. Соққысы – қарсыласын сұлатып саларлықтай жойқын. Шаршы алаңда небір қас шеберлерді жаусатып келеді.

Жадпы, жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек алты раундқа созылуы керек.

Аталған бокс кешінің андеркартында Айдар Шәрібаевтан бөлек бірнеше қазақ жігіттері өнер көрсетеді. Олар Жәнібек Әлімханұлы, Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Али Ахмедов және Айдос Ербосынұлы.

Шоудың шарықтау шегі Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы WBA Fedelation және WBO Intercontinental тұжырымдарының чемпиондық атағы мен белбеуі сарапқа салынатын жекпе-жек болады.

Бокс кеші «Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Текст: Sadvakas Maikibayev