Айдар Шәрібаевтың қарсыласы мәлім болды

15 қыркүйек 2016 ж.
Айдар Шәрібаевтың қарсыласы мәлім болды

Айдар Шәрібаев алдағы жекпе-жегінде грузин боксшысы Заза Амирадземен айқасады.

24 қыркүйек күні Алматыда өтетін шаршы алаң шоуында Айдар Шәрібаев (2 (2KO)-0) кәсіпқой бокс рингіндегі үшінші жекпе-жегін өткізеді. Жерлесіміздің қарсыласы – Грузияның әлеуеті зор жас боксшысы Заза Амирадзе. Бұл алты раундтан тұратын, бірінші жартылай орта салмақтағы рейтингтік айқас болады.

Грузин боксшысы кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет 2009 жылы шығып, содан бері алты жекпе-жек өткізіп, әлі жеңіліп көрмеген. Тіпті төртеуінде нокаутпен үстем түскен.

Естеріңізге сала кетейік, Diamond Ring боксшысының бұл жекпе-жегі «Дауыл гуілі» бокс шоуы аясында өтеді. Аталмыш кештегі басты жекпе-жекте үш дүркін әлем чемпионы Иса Ақбербаев пен Германияның нокаутшы тарланы Майк Курцвейл әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін шоуда Diamond Ring компаниясының тағы бір боксшысы, атап айтқанда, Берікбай Нұрымбетов те шаршы алаңға шығып, өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – ЕВА тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы, Украинаның тәжіибелі боксшысы Валентин Куц.

Текст: Sadvakas Maikibayev