Айдар Шәрібаев сенбі күні Даулис Прескоттпен айқасады

2 қараша 2017 ж.
Айдар Шәрібаев сенбі күні Даулис Прескоттпен айқасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев сенбі күні таңертең кәсіпқой шаршы алаңдағы жетінші жекпе-жегін өткізеді. Жерлесіміздің қарсыласы да белгілі болды.

Top Rank және All Star Boxing промоутерлік компанияларының ұйымдастыруымен өтетін жекпе-жек кеші АҚШ-тың Киссимми қаласында өтеді. Ал қарсыласы – колумбиялық Даулис Прескотт. Кәсіпқой бокстағы карьерасын 2006 жылы 20 жасында бастаған Даулис осы күнге дейін 36 айқас өткізіп, соның 31-інде жеңіске жеткен. 23 рет қарсыласын нокаутқа жіберген. 2012 жылы жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBA чемпиондық белбеуінен үмітті болып, ямайкалық Николас Уолтерске қарсы шаршы алаңға шыққан. Алайда, техникалық нокаутпен жеңілген.

Астана уақытымен ертең таңәлекеуіммен жеребе тарту рәсімі өтсе, жекпе-жектің өзі біздің уақытпен сенбіге белгіленіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Айдар Шәрібаев 28 қазан күні Машантакетте Колумбияның басқа боксшысы Карлос Падильямен жұдырықтасуы керек болатын. Бірақ, соңғы сәтте қарсыласының денсаулығына байланысты жекпе-жек болмай қалған. Ал мынау қарсыласы Падильядан әлдеқайда мықтырақ.

Текст: Sadvakas Maikibayev