Айдар Шәрібаев – Салливан Баррера болашақта Уордтың орнын басады

24 қараша 2017 ж.
Айдар Шәрібаев – Салливан Баррера болашақта Уордтың орнын басады

Жексенбі күні таңертең Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер Гардендегі» кәсіпқой бокс кешінің басты андеркартында шаршы алаңға кубалық Салливан Баррера мен доминикандық Феликс Валера шығады.

Жекпе-жектің қалай өрбитіні жайлы өз ойымен қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев бөлісті.

– Салливан екеуміз бір бапкердің қарамағында жаттығамыз. Ол Дерик Сантос-Росарионың ең мықты боксшысы. Екі-үш жекпе-жегін НВО телеарнасы көрсетті. Соңғы айқасында америкалық Джо Смитті ұтып алды. Ал ол өте мықты боксшы болатын. Бернард Хопкинс пен Анджей Фонфараны нокаутпен жеңген. Сол боксшының өзі Баррераның алдында түк істей алмады. Жалпы, Салливан екеуміз жаттығу жиыны барысында дос болып кеттік. Көмектесіп тұрады. Білгенін үйретуден жалықпайды. Кезінде Головкиннің спарринг-қарсыласы болып, екеуі Абель Санчестің қарамағында жаттықты. Кейін жолдары екіге бөлінді де, біздің бапкердің қол астына өтті. Қарсыласы жайлы көп нәрсе білмейді екенмін. Бірақ, Баррераны жартылай ауыр салмақта Андре Уордтың орнын басар бірден-бір боксшы деп есептеймін. Шабранскийді де жеңген. Ковалевті де ұтады деп ойлаймын. Қазір одан ресейлік Дмитрий Биволдың өзі қашып жүр. Меніңше Баррера қарсыласын нокаутпен жеңеді, – деді Айдар Шәрібаев.

Естеріңізге сала кетейік, Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокста жеті жекпе-жек өткізіп, жетеуінде де жеңіске жеткен. Алты қарсыласын нокаутпен аяқтаған.

Текст: Sadvakas Maikibayev