Айдар Шәрібаев пен Эндрю Канчио салмақ өлшеу рәсімінен өтті

12 сәуір 2018 ж.
Айдар Шәрібаев пен Эндрю Канчио салмақ өлшеу рәсімінен өтті

Калифорнияның Fantasy Springs Resort кешенінде 12 сәуір күнгі кәсіпқой бокс кешіне қатысатын боксшылардың салмақ өлшеу рәсімі өтіп, қазақстандық Айдар Шәрібаев пен қарсыласы Эндрю Канчио таразыға тұрды.

Айдардың салмағы 129,4 фунтты көрсетсе, америкалық Эндрю Канчио таразыға тұрғанда тұп-тура 130 фунтты көрсетті. Айта кетейік, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің лимиті – 130 фунт, яғни 58,967 келі. Боксшылар дәстүрлі түрде бір-бірімен көз атысып, журналистер мен жанкүйерлер үшін фотосессия ұйымдастырды. Ал WBA Inter-Continental белбеуін әйгілі Бернард Хопкинстің өзі ортаға алып шықты.

Естеріңізге сала кетейік, 12 сәуір күні АҚШ-тың Индио қаласында өтетін кештің басты айқасында мексикалық Франсиско Варгас (24-1-2, 17 KO) пен америкалық Род Салька (24-4, 4 KO) шаршы алаңға шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл айқас 10 раундқа жоспарланып отыр. Ал басты андеркартында қазақстандық Айдар Шәрібаев (7-0, 6КО) америкалық Эндрю Канчиомен (17-4-2, 13 КО) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Inter-Continental белбеуін сарапқа салады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді 13 сәуір күні таңертең «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.

Текст: Sadvakas Maikibayev