Айдар ШӘРІБАЕВ – Люк Кэмпбелл жеңілген жоқ

2 қазан 2017 ж.
Айдар ШӘРІБАЕВ – Люк Кэмпбелл жеңілген жоқ

Кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев Люк Кэмпбелл мен Хорке Линарес арасындағы жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді. Естеріңізге сала кетейік қыркүйектің 24-і күні Британиялық Люк Кэмпбелл мен Венесуэла боксшысы Хорхе Линарес WBA тұжырымдамасы бойынша жеңіл салмақта әлем чемпионы атағын сарапқа салып, 12 раундқа созылған жекпе-жекте Линарес ұпай санымен жеңіске жеткен болатын.

– Айдар, Кэмпбелл мен Линарес жекпе-жегін жіберіп алуыңыз мүмкін емес. Бұл кездесуде Венесуэла жігітінің асығы алшысынан түсті. Осы жекпе-жек жайлы сіздің пікіріңізді білсек. Төрешілер әділ шешім шығарды ма?

  Бұл кездесуді асыға күткендердің бірі мен боламын. Біріншіден  біздің салмақтағы жігіттер болған соң оны көруге міндеттімін. Екіншіден мен бір кездері Люк Кэмпбеллдің спарринг серіктесі болдым. Сондықтан жекпе-жекті бастан аяқ қарадым. Енді кәсіпқой боксшы ретінде өз ойымды айтар болсам Кэмпбелл ұтылған жоқ. Мен Люкті танитын болған соң айтып отыр демеңіз. Менің ғана емес осында Америкада бокстың жілігін шағып майын ішкен мамандардың да пікірі осы.

– Әуесқой бокстағы қазылардың қараулығын естідік және көрдік. Сонда кәсіпқой бокста да бұра тартушылық бола ма?

Кәсіпқой бокс бизнес қана емес,  үлкен саясат деп айтар едім.   Жекпе-жекті ұйымдастырып отырған  «Golden Boy» компаниясы. Ал әлем чемпионы Линарес осы компаниямен жұмыс жасайды. Сондықтан ұйымдастырушылар өздерін жығып бере алмады. Егер тең нәтиже тіркесе  «Golden Boy» күлкіге қалатын еді. Өйткені осыған дейін Головкин мен Альварес кездесуінде де олар Генаға жеңісті бергісі келмеген болатын. Кэмпбелл шегіне жүріп жұдырықтасқанымен тура соққылары көп болды.  Егер Люк Америкалық боксшы болғанда жеңіске жетер еді деп ойлаймын. Жалпы кәсіпқой бокста  сырт елде жүріп шаршы алаңға шықсаң, қарсыласыңнан бір бас жоғары болу керексің.  Сонда ғана жеңіске жететін мүмкіндік бар.

Текст: Sadvakas Maikibayev