Айдар ШӘРІБАЕВ – Головкин мен Альварестің текетіресі трилогияға айналуы мүмкін

15 қыркүйек 2017 ж.
Айдар ШӘРІБАЕВ – Головкин мен Альварестің текетіресі трилогияға айналуы мүмкін

Кәсіпқой бокста 6 айқас өткізіп, алтауында да жеңіске жеткен қазақстандық боксшы Айдар Шәрібаев 17 қыркүйек күні таңертең өтетін Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегі туралы өз ойын білдірді.

Айта кетейік, Шәрібаевтың Америкада оқу-жаттығу жиынын өткізіп, келесі кездесуіне дайындалып жүргеніне үш айдан асты.

– Мен орналасқан Майамиде қазір жұрттың әңгімесі тек осы жекпе-жек жайлы болып отыр. Әр бұрышта Головкин мен Альварестің айқасы туралы пікір-талас қызып тұр. Көбісі Геннадийдің жеңетініне сенімді. Мен де солай. Жерлесіміз бұл жекпе-жекке барынша дайындалып, бабында келді деп ойлаймын. Әлбетте, «Сары баладан» да қауіп көп. Қазіргі заманның ең мықты боксшыларының бірі. Оның үстіне, Головкинмен салыстырғанда жас. Алайда, мен Triple G нокаутпен жеңеді деп отырмын. Мұндай айқастарда бәрін бір соққы шешеді. Сол соққыны Головкин жасауы тиіс. Дегенмен, егер сегізінші раундқа дейін нокаутқа түсірмесе, одан кейін «Канело» құламайды. Соңына дейін шыдайды да, төрешілердің шешімін күтетін боламыз, – деді Айдар.

Алайда, Шәрібаевтың пікірінше, жекпе-жек тең өткен жағдайда төрешілер мексикалыққа болысады деп ойлау қателік. Өйткені, Альварестің жеңісі үшінші тарапқа тиімсіз.

– Қанша жерден мойындағымыз келмегенімен бокстың да өз саясаты бар. «Канелоның» жеңісі ұйымдастырушыларға тиімсіз. Себебі, ол жеңіске жеткен жағдайда Головкинге қарымта қайтаруға мүмкіндік бермейді. Ал Triple G керісінше, «Сары баламен» екінші рет кездесуге кетәрі емес. Меніңше, жерлесіміз жеңген жағдайда бұл текетірес трилогияға созылуы мүмкін. Яғни, біріншісінде Головкин жеңсе, екіншісінде жеңіс мексикалыққа беріледі. Ал үшінші жекпе-жекке бүкіл әлем көз тігеді. Ұйымдастырушылардың жоспары, меніңше, осындай, – деп қорытындылады Шәрібаев.

Естеріңізге сала кетейік, Айдардың өзі кәсіпқой бокстағы келесі айқасын қазан айының басында өткізеді деп күтілуде. Қарсыласы алдағы аптада анықталуы тиіс.

Текст: Sadvakas Maikibayev