Айдар Шәрібаев – Чемпиондық айқасқа дайынмын

27 ақпан 2017 ж.
Айдар Шәрібаев – Чемпиондық айқасқа дайынмын

Бүгінде АҚШ-тың Майами штатындағы «Moro’s Gym» бокс залында жаттығу жиынын өткізіп жатқан Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңдағы келесі жекпе-жегін 17 наурыз күні Тампа қаласында өткізеді. Бізге берген сұхбатында боксшы өзінің дайындық жағдайымен бөлісіп, АҚШ халқының кәсіпқой боксқа деген көзқарасы жайлы айтып берді.

– Айдар, алдағы жекпе-жегіңіздің уақыты белгіленіпті. Ал қарсыласыңыз қашан анықталады?

– Кәсіпқой бокста қарсылас табу оңай емес қой. Әуесқой бокста алдыңда кім тұр, сонымен жұдырықтасасың. Ал мұнда тіптен басқа әлем. Рас, боксшы көп. Бірақ, ат терлетіп АҚШ-қа келген соң көрінген боксшыға қарсы шаршы алаңға шыға салғың келмейді. Мықты болғанын қалайсың. Әйтпесе, жай ғана жекпе-жектерді елде де өткізе беруге болады ғой. Қазір промоутерлерім чемпиондыққа апарар қысқа жолдарды қарастырып, маған лайықты қарсыласты іздестіріп жүр.

– Жалпы, жаттығуыңыз қалай өтіп жатыр? Қандай аспектілерге көбірек көңіл бөліп жатырсыздар?

– Менімен түбегейлі кубалық Осмири Фернандес деген жаттықтырушы айналысады. Мұнда оны Моро деп атаймыз. Сондай-ақ, Әзірбайжан ұлттық құрамасын Рио Олимпиадасына дайындаған Лазаро Хименес те менің жаттығуларыма көмектеседі. Біз оны Лачи дейміз. Негізінен физикаға көп көңіл бөлеміз. Физика демекші, мынадай қызық болды. АҚШ-қа келген күннің ертесінде Моро маған «бүгінгі жаттығуың үш раунд болады. Мынаны істейсің, сосын мынаған көшесің және мына нәрсені істеуің қажет» деп үш жаттығуды көрсетті. «Үш раунды несі? Америкаға осы үшін келдім бе? Қазір-ақ бітіп қалады ғой» деп ренжіп тұрмын. Сөйтсем, бұлардың жаттығуларындағы бір раунды біздікі секілді үш минут емес, 45 минуттан тұрады екен. Ойлап көріңізші, 45 минут бойы бір элементті қайталап істей беруің керек. Күнде осылай көбейе береді. Бірақ, қазір үйреніп қалдық. Жаттығулар қызық. Залдан кеткің келмейді. Арасында басқа залдарға барып та, жаттығу жасап тұрамыз. Жеңіл салмақтағы әлем чемпионы Гильермо Ригондомен де бірге жаттығу өткіздік.

– Өткенде Лондон Олимпиадасының чемпионы ағылшын Люк Кэмпбеллмен спарринг өткізіпсіз. Сол жайлы айтып берсеңіз.

– Иә, ара-тұра солай спаррингке де шығып тұрамыз. Люк Кэмпбелл де Майамиде жаттығу жиынын өткізіп жүр. Жақында шаршы алаңға шығады екен. Маған спарринг қарсылас болшы деп өзі келді. Шынын айтсам, оған дейін мені мұнда залға келушілер онша елемейтін. Бапкерімнің айтқанын істеп, өз бетімше жаттығып жүре беретінмін. Кэмпбеллмен бес раунд жұдырықтастық. Жеңіл спарринг болғанымен аянып қалған жоқпын. Ол да барын салды. Жекпе-жектен кейін кейбір соққыларымның қатты өтіп кеткенін мойындап, қолымды көтерді. Біраз көрермен жиналып қалған екен, бәрі қол соғып, риза болысты. Ертесі күні басқалар өздері-ақ келіп амандасатын болды. «О, Қазақстан» деп арқамнан қағып, кәдімгідей өздеріне жақын тарта бастады. Қазір бұл жақта да достарым баршылық.

– Айдар, жалпы Америкада боксқа деген көзқарас қандай? Біздегіден ерекшелене ме?

– Қазір кәсіпқой бокста жүрмін ғой. Біраз айырмашылықтарды байқаймын. Мәселен, мұнда жаттықтырушы кәдімгі қолбала сияқты. Қазақстандағыдай ешкім бапкерге «аға-көке» немесе «Түгеншеұлы» деп жатпайды. Лақап аттарымен атайды. Бапкердің әр боксшының алдында құрдай жорғалап жүргені басында мен үшін таңсық болды. Бірақ, егер сен шақырсаң ғана жаттықтырушы алдыңа келеді. Ал егер өз-өзіңмен жүре берсең, қасыңа келіп, ақылын да айтпайды. Сондықтан, бірінші кезекте өзіңе қажет пе, басқа боксшылардан тартып ала білуің керек. Сондай-ақ, тағы бір байқағаным, мұнда бокс залына келетін адам көп. Оның арасында бұрынғы боксшылар жетерлік. Боксты қойған соң да залда жаттығу жасап жүре береді. Осында келіп талай мықтыларды кездестіріп жатырмын. UFC сайыпқырандарын көріп тұрамын. Кезінде Бернард Хопкинс, Рой Джонстарға қарсы тұрған Глен Джонсоның да жасы 50-тақап қалса да осында жүр.

– Енді елге қашан қайтасыз?

– Менің промоутерлерім «Diamond Ring» АҚШ-қа айқын мақсаттармен жіберіп отыр. Бұйыртса, 17 наурыз күні жеңіске жетсем, осы жақта тағы бір айқас өткізсек деп отырмыз. Шамамен сәуір айының басына жоспарладық. Жай ғана рейтингтік жекпе-жек емес, белбеуге таласқым келеді. Осы тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өз басым, чемпиондық айқасқа дайынмын.

Текст: Sadvakas Maikibayev