Айдар Шәрібаев бір жаттығуда екі Олимпиада чемпионымен спарринг өткізді

10 сәуір 2017 ж.
Айдар Шәрібаев бір жаттығуда екі Олимпиада чемпионымен спарринг өткізді

Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын қазақстандый кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев бір жаттығуда екі боксшымен спаррингтік жекпе-жек өткізді. Екеуінің де атақтарынан ат үркеді, екеуі де Олимпиада ойындарының чемпиондары.

Естеріңізге сала кетейік, өзінің соңғы айқасын наурыздың 17-сінде өткізіп, мексикалық Габино Готаны нокаутпен жеңген Айдар елге қайтуға асығар емес. Жақын уақытта «Diamond Ring» тарланын тағы бір сынақ күтіп тұр. Қазір менеджерлері жерлесімізге лайықты қарсылас іздестіруде.

Ал әзірге Айдар Шәрібаев Майамиде кубалық тісқаққан маман Осмири Фернандестің қарамағында оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жүр. Бүгін бір жаттығуда қатарынан екі боксшымен спаррингтік жекпе-жек өткізген жерлесіміз мамандардың жоғары бағасын алды. Айдарға қарсы шыққан боксшылардың екеуі де Олимпиада чемпиондары. Бірі британдық Люк Кэмпбелл, екіншісі кубалық Юриоркис Гамбоа. Алғашқысы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында 56 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдені жеңіп алған. Одан бөлек, 2008 жылы Еуропа чемпионы атанып, 2011 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген. Кәсіпқой шаршы алаңға 17 рет шығып, соның 16-сында жеңіске жеткен. BoxRec рейтингінде 8-орында тұр. Айта кетейік, бұл олардың екінші рет спарринг өткізуі. Бірінші рет Шәрібаев пен Кэмпбелл осыдан екі ай бұрын шаршы алаңға шыққан. Ескі таныстардың екінші рет кездесуінен кейін британдық боксшы Айдардың осы аралықта керемет қарқын қосқанына таңғалып, бұл жолғы спаррингтің де өте ауыр болғанын мойындады.

Айдар Шәрібаев пен оның спарринг серіктестері

Кэмпбеллдее кейін аз-кем тынығып алған Айдар шаршы алаңға қайта шығып, кубалық Юриоркис Гамбоамен жұдырықтасты. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында чемпион атанып, кәсіпқой бокста 27 жекпе-жек өткізген Гамбоа өте тәжірибелі боксшылардың қатарынан. 26 айқасын жеңіспен аяқтап, тек 2014 жылы Теренс Кроуфордтан ғана ұтылған. Қазір кубалық «қара маржан» мамыр айының басында өтетін жекпе-жегіне дайындалып жатыр. Сондықтан, бүгінгі спарринг оған біраз сабақ болғандай.

Ал Айдардың әр қимылын бақылап отырған мамандар жерлесіміздің жігерлігі мен қарқынына тамсанып, шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнерін Геннадий Головкинге ұқсатты.

Текст: Sadvakas Maikibayev