Айдар Шәрібаев қарсыласын екі рет есеңгіретіп, сегізінші жеңісіне қол жеткізді

17 желтоқсан 2018 ж.
Айдар Шәрібаев қарсыласын екі рет есеңгіретіп, сегізінші жеңісіне қол жеткізді

Біршама үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралған «Diamond Ring» боксшысы Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокстағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді.

Астананың «Дәулет» спорт кешенінде өткен кәсіпқой бокс кешінде украиналық Артем Айвазадимен кездескен Айдар Шәрібаев 6 раундтық айқастың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

«Kazakh promotions» орталығының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінде 37 жасар украиналық Айвазадимен кездескен Айдар алғашқы раундтан бастап-ақ жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Одан кейін де шабуылын толастатпаған Шәрібаев үшінші раундта да Артемді бір есеңгіретіп алды. Дегенмен, қарсыласы да көпті көрген, талай мықтымен кездескен, кезінде Виктор Постол, Кирилл Релих, Дмитрий Богачук, Тарас Шелестюк, Хусеин Байсунгуров сынды саңлақтардың сынағынан өткен әккі боксшы екен, жекпе-жекті соңына дейін жеткізді.

Ал ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға оралған Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокстағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді.

– Қарсыласым 11 кездесуінде жеңіске жетіп, бесеуінде нокаутқа қол жеткізген мықты боксшы. Бірақ, кейбіреулер кәсіпқой бокста 13 жеңілісі бар деп аса менсінбеуі мүмкін. Дегенмен, Айвазадидің статистикасын қарап отырсаңыз, көбіне мықтылармен кездескен, үздіктерден жеңілген. Онда да төрт-ақ кездесуінде нокаутқа түсіпті. Былайша айтқанда, тәжірибелі боксшы. Ал сәуір айында Америкада өткізген жекпе-жегімді сәтсіз аяқтаған мен үшін бұл жақсы емтихан болды. Осылайша өзімді тағы бір тексеріп алдым. Енді келесі жылғы айқастарыма дайындаламын, – деді Айдар Шәрібаев.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында АҚШ-тың Индио қаласында америкалық Эндрю Канчиомен WBA inter-continental чемпиондық белбеуіне таласқан «Diamond Ring» боксшысы кәсіпқой карьерасындағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған болатын. Содан бері Алматыда «Aidar classic» бокс залында жеке жаттыққан жерлесіміз шаршы алаңға енді ғана шығып тұр.

Текст: Sadvakas Maikibayev