Айдар Шәрібаев – Қарсыласыма қазақ жұдырығының құдіретін көрсетемін

17 наурыз 2017 ж.
Айдар Шәрібаев – Қарсыласыма қазақ жұдырығының құдіретін көрсетемін

Майамидегі екі айлық оқу-жаттығу жиынынан кейін қазақстандық тарлан Айдар Шәрібаев ертең Астана уақытымен таңғы сағат 9:00-де өзінің кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе-жегін өткізу үшін мексикалық Габино Котоға (19-7-1, 17 КО) қарсы шаршы алаңға шығады. Айқас қарсаңында Айдармен хабарласып, дайындығы жайлы сұраған едік.

– Айдар, Майамиде жүргеніңізге екі айға жуықтады. Қалаға қаншалықты бейімделе алдың?

– Әлбетте, Майами – өте үлкен штат екен. Қазақстанның қалаларына мүлдем ұқсамайды. Бірақ, үйреніп қалдым. Оның үстіне, мұнда турист ретінде емес, жекпе-жекке дайындалу үшінт келгенмін. Сондықтан, қала аралап, қыдырып жүруге уақыт болған жоқ. Бейімделуге үш күн уақыт алдым да, бірден қызу жаттығуға кірісіп кеттім. Дегенмен, шынымды айтсам, елімді де сағындым.

– Өзіңнің жаттығу процесстерің жайлы айтып берсең.

– Менің ұстанымым – егер өміріңді жақсы жағына қарай өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгеруің қажет. Қазір біз жаттығу процесстерін өзгерттік, шаршы алаңдағы жұдырықтасу мәнеріме де өзгеріс енгізіп жатырмыз. Қазір бокс жайлы мүлдем басқаша ойлай бастадым. Шын сөзім, Куба бокс мектебі маған қатты ұнайды. Бұрыннан кубалық мамандармен бірге жұмыс жасауды армандаушы едім. Ақыры соған қол жеткіздім. Бұл серіктестіктен не шығатыны өзіме де қызық болып тұр. Алғашқы өзгерістерді ертең-ақ байқауға болатын шығар. Дегенмен, алда мені үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын жақсы білемін. Бәрі өзіме байланысты екенін де жақсы түсінемін.

– Қанша дегенмен сіз қазақ, ол кубалық дегендей, жаттықтырушыңызбен тіл табысу қиын болмады ма?

– Мұнда менің екі жаттықтырушым бар. Бірі Моро, екіншісі Лачи (Осмири Фернандес және Лазаро Хименес). Екеуі де кубалық. Испан тілінде сөйлейді. Алайда біз бокс тілінде сөйлесеміз ғой. Сондықтан, тіл табысу қиынға соғып жатқан жоқ. Әлбетте, кейде айтқандарын түсінбей қалып жатамын. Бірақ, мұның барлығы біздің жаттығуымызға кедергі келтірмейді.

– Кубалық мамандардан не үйрене алдыңыз?

– Олар өте еңбекқор халық екен. Әр жаттығуымызда әйтеуір бір жаңалық бар. Сондай-ақ, мұнда жүріп, мына нәрсені көңіліме түйдім. Егер әуесқой боксты орта мектеп деп алар болсақ, кәсіпқой боксты Университетпен салыстыруға болады. Мектепте сенің соңыңнан мұғалімдер жүгіреді. Ал университетте сен ұстаздардың артынан жүгіресің. Мұнда да солай. Жауапкершілігің зор, өз бетіңше шешім қабылдай алатындай адам болуың керек. Әр ісіңе өзің жауаптысың. Осы қасиеттердің барлығын бойыңа сіңіре алған жағдайда ғана нәтиже болады. Америкада жүріп үйренгенім осы.

– Қарсыласың белгілі. Артық-кем тұстарын зерттеп үлгердің бе? Жалпы, алдағы айқасқа қандай тактика қолданбақсыңдар?

– Габино Кото – өте тәжірибелі боксшы. Жетістіктері баршылық. Ол туралы жалпылама мінездеме берер болам, басқа мексикалықтар секілді Габино да тік, бірбеткей боксшы. Ал қазақ бокс мектебі әрқашан өзінің жан-жақтылығымен және шаршы алаңдағы ой-ұшқырлығымен ерекшеленеді. Ертең қарсыласыма қазақ боксының бар артықшылығын көрсетсем деймін.

– Котоға қарсы айқастан не күтесің? Бапкерлер алқасы қандай тапсырма қойып отыр?

– Мақсатым біреу ғана. Қалай да қарсыласымды жеңуім керек. Жай ғана жеңіп қоймай, жарқын жеңіске қол жеткізгім келеді. Әлбетте, әдемі жеңілістен гөрі нашар жеңіс артық деп жатады ғой. Бірақ көрермендер сүйсінетіндей жұдырықтасу мәнерін көрсетсем деймін. Егер құлатуға мүмкіндік болып жатса, нокаутқа жібергеннен жақсысы жоқ қой.

– Бұған дейінгі төрт жекпе-жегіңіздің үшеуін Қазақстанда өткізген едің. Ертең Америка халқының алдында шаршы алаңға шықпақсың. Қобалжушылық жоқ па?

– Иә, төрт жекпе-жегімнің үшеуін өз жерімде өткізіп, жеңіске жеткенімді мақтан тұтамын. Алайда, мен «үй боксшысы» деген атты қаламаймын. Өзіңнің мықтылығыңды шетелде дәлелдеуің қажет. Рас, қобалжимын. Бірақ дәл осылай Қазақстандағы айқастарымның алдында да қобалжығанмын. Мұның еш сөкеттігі жоқ. Ертең шаршы алаңға шыққанда бәрін ұмытамын деген сенімдемін.

– Майамиде қазақстандық боксшылар өте көп екенін білеміз. Көбісі достарың. Жиі кездесіп тұрасыңдар ма?

– Майамиде менің жақсы досым, әрі Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновтің ағасы Дәурен де жаттығып жүр. Рас, жиі кездесуге уақыт тапшы. Ол да алдағы айқасына дайындалып жүр. Дегенмен, қолымыз қалт еткенде бірге қала аралап тұрамыз. Кейде бірге жаттығып та жүрміз.

– Жаттығу жиыныңды Америкада өткізгенің алдағы айқасқа қаншалықты пайдасын тигізеді?

– Әлбетте, көмегі зор. Өйткені, жергілікті атмосфераға үйренесің. Түзде жүріп, өзге елдің де боксымен танысасың. Солардан өзіңе қажеттінің бәрін түртіп аласың. Оның үстіне, сыртта жүріп, қандасыңды, отандасыңды кезіктіріп қалсаң, өзіңнің туған бауырыңды көргендей қуанады екенсің. Мұның барлығы менің жаттығу процессіме ғана емес, бауырмалдық, адамгершілік қасиеттеріме де пайдасын тигізіп жатыр.

– Ертең олар да сені қолдауға келетін шығар?

– Иә, осындағы қазақтардың барлығы жиналмақшы. Тек қана отандастарым емес, басқа елдердің де өкілдері маған жанкүйер болады. Майамиде жүріп, осындағы біраз Шоу-бизнес өкілдерімен, әнші, кәсіпкерлермен таныстым. Бір сөзбен айтқанда, ертең мен жалғыз болмаймын.

– Ал кәсіпқой бокстағы рухани ағаң Қанат Ислам айқас алдында қандай кеңестер беріп жатыр?

– Ол маған сәттілік тіледі. Менің жеңетініме сенеді. Мен де ертең өзімнің бар мықтылығымды паш етемін деп уәде бердім.

Естеріңізге сала кетейік, Тампадағы алты раундтық айқас Тампа қаласында өтеді. Жекпе-жектің қорытындысы жайлы сенбі күні таңертең жазатын боламыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev