Абыройсыз жеңіс – Лебедев Алтункаяны үшінші раундта нокаутқа түсірді

8 қыркүйек 2018 ж.
Абыройсыз жеңіс – Лебедев Алтункаяны үшінші раундта нокаутқа түсірді

Кеше Челябинскіде өткен жекпе-жек кешінде ресейлік Денис Лебедев түрік Хизни Алтункаямен кездесіп, үшінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Бірақ, бұл жеңіс «Десантқа» еш абырой әпермесі анық.

Салмақ қуа алмасын сезді ме, әлде бабында еместігін іштей мойындады ма, Лебедевтің командасы алдын-ала Дүниежүзілік бокс қауымдастығына хат жазып, WBA тұжырымы бойынша ауыр салмақ дәрежесінің «демалыстағы чемпионы» атағын бұл жекпе-жекте сарапқа салынбауын сұраған. Расымен де жекпе-жек 90,7 келі салмақ дәрежесінде емес, 96,7 келіде өтті. Бір күн бұрынғы ресми салмақ өлшеу рәсімінде Лебедев таразыда 96 келіні көрсеткенімен шаршы алаңға тағы бес келі қосып шыққандай әсер қалдырды. Сабазың тым ауыр еді. Оның қасында Хизни Алтункая аюмен арпалысуға шыққан қарсақ секілді кішкентай көрінді. Бірден шаршы алаңның бесінші бұрышын іздей бастады. Анау дәудің қолына түссе, талап тастайтынын түсініп, керілген арқанды жағалай қашумен болды. Үшінші раундта ығыры шықты-ау деймін, Лебедевтің жай ғана сілтей салған соққысынан құлай салды. Нокаут. Бірақ, бұл жеңіс ресейлік «Десантқа» қаншалықты абырой әперер екен?

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік бокс қауымдастығы Денис Лебедев пен украиналық Олександр Усикті бір айдың ішінде жекпе-жек жайлы келісуді тапсырған. Егер алдағы 4-5 айда екі боксшы жолығар болса, Усик Лебедевті оп-оңай құлататын сияқты. Тіпті, кешегі түрімен «Десант» ұрмаса да 9-10 раундтарда тәлтіректеп барып, өзі құлап қалуы мүмкін. Сондықтан, дәл қазір украиналықпен жұдырықтасу Денис үшін өте қауіпті. Өзінің абыройы үшін бұл айқастан бас тартқаны абзал. Тіпті болмаса, кейінге шегеріп, тағы 2-3 аралық айқас өткізіп алғаны дұрыс. Әйтпесе, кешегі Лебедев қопал аюдан еш айырмашылығы болған жоқ.

Текст: Sadvakas Maikibayev