Абель Санчес – Головкин енді бес-алты жекпе-жек өткізе алса, өте жақсы болар еді

11 желтоқсан 2018 ж.
Абель Санчес – Головкин енді бес-алты жекпе-жек өткізе алса, өте жақсы болар еді

Мексикалық маманның пікірінше Геннадий Головкинге кәсіпқой бокста екі-үш жыл қалыпты. Осы аралықта Triple G 5-6 жекпе-жек өткізе алуы тиіс.

АҚШ-тың ESPN Deportes басылымына сүйенген Ресейдің allboxing.ru сайты бүгін Абель Санчестің сұхбатынан қызықты үзінді жариялады. Онда мексикалық маман Геннадий Головкинге кәсіпқой бокста екі-үш жыл қалғанын айтып, осы аралықта Triple G 5-6 жекпе-жек өткізуі керектігін жеткізді.

– Бәлкім, Головкин орта салмақта жұдырықтаса берер, бәлкім, екінші орта салмаққа көтерілер, қалай боларын алдағы уақытта көре жатармыз. Оның кәсіпқой бокста әлі екі-үш жылы бар. Мұны жемісті етіп өткізуі керек. Ең бастысы, мотивациясын жоғалтпай, бұрынғысынша жаттыға берсе екен деймін. Егер ол боксқа деген құлшынысын жоғалтпаса, ол әлі 5-6 жекпе-жек өткізуге қабілетті. Осылай болса керемет болар еді, – деді Абель Санчес.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы жекпе-жегін 15 желтоқсанда Лас-Вегаста өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша Сауль Альварестен жеңіліп қалған. Бұл оның кәсіпқой карьерасындағы алғашқы жеңілісі. Еншісінде 40 жекпе-жегі бар жерлесіміз 38 рет жеңіске жетіп, біреуінде тең түсіп, тағы біреуінде ұтылып қалған. 34 кездесуінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Келесі жылдың сәуірінде 37 жасқа толады.

Текст: Sadvakas Maikibayev