2 ақпан Даллас. Ковалев пен Альварестің қарымта айқасынан не күтеміз?

10 желтоқсан 2018 ж.
2 ақпан Даллас. Ковалев пен Альварестің қарымта айқасынан не күтеміз?

Жартылай ауыр салмақтағы WBO чемпионы колумбиялық Элайдер Альварес пен ресейлік Сергей Ковалевтің қарымта жекпе-жегі 2 ақпанда Далласта өтетін болды. Бұл айқастан не күтуге болады?

Естеріңізге сала кетейік, Ковалев пен Альварес арасындағы бірінші айқас өткен жылдың 4 тамызында Атлантик ситиде өткен болатын. Жекпе-жектің жетінші раундына дейін ресейлік боксшы тізгінді уысынан шығармай, колумбиялық қарсыласын бас көтертпеген. Алайда, сәл ғана босаңсып қалғаны сол екен, жетінші раундта Ковалевтің басын дәл көздеген Элейдер ресейлікті қатты есеңгіретіп тастады. Сегізге дейін санағанша орнынан көтерілгенімен тағы екі рет құлағаннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.

Бұл кезде Ковалев қапталдағы үш қазының шешімі бойынша да 59:55, 58:56, 58:56 есебімен жеңіп жатқан болатын. Оның үстіне, Альвареспен салыстырғанда артық соққы жұмсап, жұдырықтарын да колумбиялыққа дәл тигізіп жатқан. «Компубокстың» есептеуінше сол кездесуде Ковалев 339 соққы жұмсап, соның 91-ін дәл тигізіпті. Өз кезегінде Альварес 251 соққысының 73-ін ғана діттеген жеріне жеткізе алған. Алайда, нокаут «Крашерге» тым ауыр тиді. Тіпті, жекпе-жектен кейін кәсіпқой карьерасын аяқтайтындығы туралы да мәлімдеді. Өзге мамандар да былғары қолғабын шегеге ілуге кеңес беріп жатты. Дегенмен, біраз үнсіздіктен соң Сергей Ковалев колумбиялықпен реваншқа шыққысы келетіндігін айтты.

Енді міне, жекпе-жектің өтетін күні мен орны ресми белгілі болды.

– Жанкүйерлеріме тамаша жекпе-жек тарту етіп, өзімнің чемпиондық атағымды қайтарып алғым келеді. Жаңа жаттықтырушым Бадди Макгиртпен бұл жекпе-жекке толық дайын боламын деп ойлаймын. Маған осындай мүмкіндік беріп отырған ESPN арнасына алғысым шексіз, – деді алдағы айқас жайлы Сергей Ковалев.

Ал өз кезегінде Элейдер Альварестің өзі қарсыласын тағы бір рет нокаутқа түсіруге уәде етіп отыр. Оның айтуынша, алдағы кездесуде бұрынғыдан да мықты болмақ.

– Сергей менің жеңісімді кездейсоқтық деп жатыр. Сондықтан, өзімнің мықтылығымды тағы бір рет дәлелдеу үшін алдағы айқасқа бұрынғыдан да зор мотивациямен шығамын. Ол жеңіле білетін боксшы. Екінші кездесуде де «кездейсоқ» жеңілуі үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Дегенмен, екінші жекпе-жекке Ковалев жақсылап дайындалып келсе екен деймін. Әйтпесе, біріншісінде оның құлап жатқанына қарау өте аянышты болды, – деді Элейдер Альварес.

Текст: Sadvakas Maikibayev